Әдістемелік кеңес
- 276mektep1
- Sep 25, 2019
- 1 min read
Әйтеке би кентіндегі №276 орта мектепте 20.09.2019 жылы мектепішілік әдістемелік кеңес өткізілді. Кеңестің күн тәртібінде гуманитарлық пәндер бірлестігінің жетекшісі А.Асқарова мен математика пәнінің мұғалімі Қ.Төлепберген жаңартылған білім бағдарламасы бойынша интербелсендітақтадан слайд арқылы «Жиынтық бағалау тапсырмаларын әзірлеу және сараптау» жайында өз тәжірибелерімен бөлісті. Келесі кезеңде директордың оқу-ісі жөніндегі орынбасары Б.Орымбас 2019-2020 оқу жылындағы өткізілетін іс-шаралар барысымен таныстырды. Ең алдымен, Ұлы ақынымыз Абай атамыздың туғанына 175 жыл толу мерейтойына орай күнделікті өткізілетін әр сабақтың басын, яғни ұйымдастыру кезеңін Абай атамыздың бір шумақ өлең жолымен немесе қара сөздерінен үзінді арқылы бастау керектігі айтылды. Осы бастама арқылы оқушылардың жүрегіне Xакім Абайдың шығармаларын жеткіземіз деп сенеміз. Екінші алға қойылған мәселе мектеп пен ата-ана арасындағы байланысты нығайту негізінде әр аптаның сәрсенбі күнін «Ашық есік» күні деп жариялап, сол күнгі өтілетін барлық сабаққа ата-аналарды қатыстыру туралы келісімге келді. «Ашық есік» жобасы жыл бойы жалғасын табады. Келесі кезекті Елбасымыздың мақаласында көрсетілген « 100 ән және 100 кітап» жобасын қолдау мақсатында «5 ән және 5 кітап» іс-шарасы жоспарланды. Мектеп кітапанашысы мен ұстаздар және оқушылардың түгел қатысуымен осы шараны ойдағыдай өткізу мақсаты қойылды. Осы жоба аясында әрбір оқушы өз елінің ақын-жазушыларының, қарымды қаламгерлерінің шығармаларымен танысып қана қоймай, талдап, ой қорытындылайды. Кейіпкерлер бейнесін сомдау қабілетіне ие болады. Бастауыш кластың соңғы сыныбы 4-сыныпты бітіріп, 5-сыныпқа аяқ басқан оқушылар арасындағы сабақтастық жұмысының жүйелілігін арттыру мақсатында мектеп ұстаздарының қатысуымен консилиум өткізу тапсырылды. Алдағы уақытта әдістемелік кеңес өз жалғасын табады. Әріптестер арасында тәжірибе алмасулар болып, тұшымды ойлар айтылады.
Comments